Қырғызстан дамуының жаңа даму векторы – аймақтық интеграция

Қырғызстан дамуының жаңа даму векторы – аймақтық интеграция

Қырғызстанның экономикалық даму мәселесінде аймақтық интеграцияны дамыту айрықша маңызға ие. Бішкекте қоғамдық кеңес өткізген үкіметтік шенеуніктер мен парламент депутаттары, экономистердің ортақ ой-пікірі осыған саяды. Кездесу өндірістік кооперациялардың сыртқы сауда қарым-қатынастарын кеңейту жоспарларына арналған. Көршімен тату болып, өзара әріптестік орнату көп жағдайда жаһандық жобалардан да маңызды. Қырғызстан үшін Еуропа елдері және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың  орны бөлек. Сарапшылар  «көрші елдермен сауда қыза түскен сайын бизнес дамып, ортақ нарық кеңейе береді» дейді. Қырғызстан үшін бұл мәселе бертінге дейін саяси тұрақтылықпен тығыз байланысты болды.  

ЖУМАКАДЫР АКЕНЕЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Бізде саяси тұрақтылық орнаған. Соңғы президенттік сайлау шерулер мен тәртіпсіздіктердің артта қалғанын айғақтап отыр. Наразылық шаралар өткізудің еш қажеті жоқ. Даулы мәселе болса, парламентте талқыланады. Ал, Қазақстанмен қарым-қатынасымыз президент Сооронбай Жээнбековтің арқасында реттелді.

Бұл жағдай көрші елде еуразиялық интеграцияның даму векторындағы рөлінің жоғары екендігін білдіреді. Еуразиялық Экономикалық Одақтың кедендік кодексі қазір жергілікті парламенттің қарауына ұсынылған.

ШЕРАДИЛ БАКТЫГУЛОВ, САЯСАТКЕР:

 - Үш қайтара тексеру жүргізілетін бекеттерге келетін болсақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында ондай тәжірибе қолданылмаған. Бірақ бұл жіті бақылау мүлде болмауы керек деген сөз емес әрине. Қиындықтар туындаса, оларды шешуіміз тиіс. Осы ретте Еуразиялық Экономикалық Одақ түйткілдің түйінін тарқатуда өз көмегін ұсынса, бұл мүмкіндікті пайдаланғанымыз жөн.

Қырғызстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болғанына көп болған жоқ. Осы ретте Ұйым мен оған мүше елдердің мүддесі бір-біріне қайшы келмеу керектігі белгілі.  Ал, Қырғызстанның көрші елдермен қарым-қатынас орнату жағына келетін болсақ, президент Сооронбай Жээнбеков Өзбекстанға ресми сапармен аттанған. Тараптар экономикалық ынтымақтастық бағытында бірқатар құжаттар бекітті.