Сингапур Қазақстанмен экономикаларды цифрландыру саласында ынтымақтастықты дамыта түспек. Қазақстан Парламенті Сенатының комитет төрайымы Сингапур Үкіметі мен Парламенті, сонымен қатар, ірі компанияларымен келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Дариға Назарбаева премьер-министр Ли Сян Лунмен кездесті. Тараптар экономикаларды цифрландыру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақылды қалаларды дамыту, Сингапурлық қаржы институттарының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысуын талқылады. Екі ел үшін болашақ көшбасшылары тәрбиелеу ісі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, қос тарап ядролық қаруды таратпау және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының Еуразиялық экономикалық одақпен әріптестігін талқылады.

ҮСЕН СҮЛЕЙМЕН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СИНГАПУРДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақты құруға  бастамашы  болғанын ескере отырып, тараптар KAPTICA форматын кеңейтіп, оны өңіраралық құрылымға, атап айтқанда, Еуразиялық-Тынық мұхиты елдерінің сауда-инвестициялық палатасына айналдыруды шешті. Қысқаша – EURAPTIC. Бұл аймақтағы кәсіпкерлердің серіктестігін әлдеқайда жоғары деңгейге көтереді.

Қазақстандық делегацияға Сингапур ғалымдары ел экономикасын дамытуда жаңа технологияларды пайдалану жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, екі ел Қазақстанға инвестиция тарту туралы келіссөздер жүргізді. Ал Азиядағы ірі инженерлік компаниялардың басшылары өз тәжірибелерін біздің елде қолдануды ұсынды.

ОМАР ШАХЗАД, MEINHARDTGROUP АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Қазақстанға өткен жылдың соңында бардық. Сіздерге су құбырлары желісінің жұмысын тиімді жолға қою бойынша тәжірибемізді ұсына аламыз. Бүгінде үлкен қалаларда су жеткізу кезінде шығын көп кетеді. Ал Сингапур су шығынын азайтуда барлық жаңа технологияны іске қосқан. 

Қазақстан мен Сингапур тараптары өзара сауда байланыстарын нығайту жайын талқылады. Кәсіпкерлер мен саясаткерлердің пікірінше, қос елдің ұстанған бағыты бір. Бұл - экономикалық өсім мен адами капиталды дамыту.

БИЛАХАРИ КАУСИКАН,  СИНГАПУР СІМ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЕЛШІСІ:

 - Сингапур мен Қазақстан географиялық орналасу жағынан алыс болғанымен, біз - Азия мемлекеттеріміз. Қазақстан құрлықта, Сингапур теңіздегі өз тасымал мүмкіндіктерін пайдаланып, осы екі бағытты түйістіру арқылы екіжақты қатынасты қарқынды дамыта түсеміз деген сенімдеміз.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытты. Сонымен қатар, шетелдік саясаткерлер Сингапур мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында еркін сауда аймағын құруда қолдау білдіргені үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Пікірлерінше, бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты едәуір жандандыруға септігін тигізеді.



Oкшош жаңылыктар

Комментарии